Магистратураға түсушілерге маңызды ескерту: интернеттегі «жауаптар» жалған

Магистратураға түсушілерге маңызды ескерту: интернеттегі «жауаптар» жалған
ҰТО

Ұлттық тестілеу орталығы магистратураға түсушілерді «дайын жауап» сататын алаяқтардан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) магистратураға түсуге дайындалып жатқан талапкерлерге интернетте тарап жатқан жалған ұсыныстарға сенбеуге кеңес берді.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «кешенді тестілеуден өткізіп береміз», «грантқа түсуге көмектесеміз», «тесттің дайын жауаптарын сатамыз» деген мазмұндағы хабарламалар жиілеген. Алайда ҰТО мұндай ұсыныстардың барлығы алаяқтардың әрекеті екенін мәлімдеді.

Орталықтың түсіндіруінше, әрбір талапкер үшін кешенді тестілеудің жеке нұсқасы автоматты түрде қалыптастырылады. Сондықтан интернетте сатылып жүрген «тест сұрақтары» немесе «дайын жауаптардың» нақты емтихан тапсырмаларымен сәйкес келетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

Сондай-ақ ҰТО тест материалдарын заңсыз тарату немесе жариялау фактілері анықталған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, тест тапсырмалары Ұлттық тестілеу орталығының зияткерлік меншігі болып табылады. Оларды заңсыз тарату немесе жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Еске салайық, Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды.