Мадина Рашидқызының анасына құдағиы немересін көрсетпеді

Мадина Рашидқызының анасына құдағиы немересін көрсетпеді
Коллаж: ult.kz

Жан Ахмадиев пен оның тобы Меркіде көз жұмған келіншектің үйіне барды, деп хабарлайды ult.kz.

Бірақ олардың алдынан Мадина Рашидқызының экс-енесі шығып, үйге кірмеуін талап етті. Сонымен қатар, немересін де көрсетпейтінін баса айтты. 

Оның сөзінше, тергеу рұқсат берсе ғана немересін көрсетеді екен. 

Мадина Рашидқызының анасы жылап қалды. 

Айта кетейік, Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызы қайтыс болды. Оның өліміне қатысты полиция «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Марқұмның артында сәбиі қалған. 

Мәлімет бойынша, Мадина Өзбекстан азаматы болған. Ол Қазақстан азаматы Мадияр Айтмырзамен шамамен екі жыл некеде тұрған. Қайғылы жағдай Меркі ауданындағы Қызыл қыстақ ауылында болған. 

Марқұмның құрбысы Зейнеп Мусахожанованың айтуынша, Мадина қайтыс болардан бұрын күйеуімен жанжалдасқанын айтып, одан кеткісі келетінін жеткізген. Құрбысының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған «Барни» тәттісіне байланысты болған. Сондай-ақ ол Мадинаның бұған дейін де отбасындағы жағдайға байланысты шағым айтқанын мәлімдеген.

Оқиғадан кейін Мадинаның туыстары оның өліміне күмән келтіріп, денесінде көгерген және жарақат іздерін байқағанын айтқан. Туыстары осыған байланысты істі адам өлтіру нұсқасы бойынша жан-жақты тексеруді сұраған. Алайда аталған жарақаттар туралы мәліметтер сот-медициналық сараптаманың ресми қорытындысы ретінде жарияланған жоқ. 

Қазір Мадинаның өлімі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар қайғылы оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтауы тиіс.