Қызылорда облысында 28 жастағы жігіт коронавирус жұқтырған

Қызылорда облысында 28 жастағы жігіт коронавирус жұқтырған

Бүгін Қызылорда облысында коронавируске шалдыққан бір науқастың оны қайдан жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін, 1 сәуірде күні жергілікті уақытпен сағат 16.15-те Қызылорда облысында COVID-19 вирусының жаңадан 1 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жақсылық Абдусаметов хабарлады.

«Қазіргі уақытта, облыс бойынша 25 науқас тіркелді. Жаңадан тіркелген 1 науқас Жаңақорған ауданынан. Ол 28 жастағы ер адам. Науқас карантинде болған. Ол осы ауданда алдында анықталған науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан оқшауланған еді. Оның жағдайы қанағаттанарлық», - деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, облысымызда қарым-қатынаста болған 485 адам анықталды. Оның 133 карантинде болса, 352 -сі үй жағдайында оқшауланған.

Еске сала кетейік, 1 сәуірден бастап Қызылорда қаласында шектеу шаралары енгізіліп, карантин жарияланды.