Атырау облысында «Магистралды су құбыры» ЖШС ластанған топырақ қалдықтарын жинау бойынша белгіленген лимиттерді бұзғаны үшін 334,1 млн теңге айыппұл төледі, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл заң бұзушылықты Атырау облысының экология департаменті жүргізген тексеру барысында анықтаған. Осыған байланысты департамент Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік іс қозғап, тиісті хаттама толтырды.
Компания экология департаментінің қабылдаған шараларына сот арқылы шағымданған. Алайда Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты компанияның талабын қанағаттандырмады.
Кейін іс Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында апелляциялық тәртіппен қаралды. Сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырып, компанияның шағымын қанағаттандырмады.
Осылайша, сот шешімдерімен «Магистралды су құбыры» ЖШС-нің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны расталды.
Қазіргі уақытта 334,1 млн теңге көлеміндегі айыппұл толық өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылды.