Петропавлда тыйым салынған KyzdarNet сайты арқылы заңсыз қызметті жарнамалаумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының мәліметінше, аталған қылмыстық іс бойынша Қазақстанда алғаш рет KyzdarNet сайтының қызметіне қатысы бар ұйымдасқан топ мүшелері жауапқа тартылды. Сот шешімімен топ жетекшісі 10 жылға, қалған бес қатысушының әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында анықталғандай, 2026 жылдың наурыз айында Петропавл қаласының прокуратурасы тыйым салынған сайт арқылы интимдік қызметтерді жарнамалап, насихаттады деген күдікпен алты адамға айып таққан.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық топ белгіленген тариф бойынша ақы алып, интимдік қызмет көрсететін адамдардың сауалнамаларын сайтта орналастырып, олардың көрінуін арттырумен айналысқан.
2026 жылғы 19 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты KyzdarNet сайты арқылы сутенерлікке жәрдемдесу және оны қолдауға қатысты еліміздегі алғашқы сот үкімін шығарды.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп таныды. Ұйымдасқан топтың жетекшісі 10 жылға, қалған қатысушылардың әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.