Кремль Ресейдегі оба туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Кремль Ресейдегі оба туралы ақпаратқа түсініктеме берді
ашық дереккөз

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Иркутск облысында оба таралуы мүмкін деген ақпараттарға түсініктеме беріп, жағдайға қатысты тек ресми мәлімдемелерге сенуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Песковтың айтуынша, бұл мәселеге жауапты негізгі мемлекеттік орган — Роспотребнадзор. Сондықтан түрлі қауесет пен болжамға емес, осы ведомствоның ресми ақпаратына сүйену қажет.

«Бұл жағдайда осы салаға жауапты негізгі ведомство — Роспотребнадзор. Сондықтан түрлі қауесетке, болжамға және тағы басқа ақпараттарға құлақ аспай, Роспотребнадзордың ресми мәлімдемелеріне бағдарлану керек», — деді Песков.

Бұған дейін Роспотребнадзор Сібір және Қиыр Шығыс обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтында патогенді микроорганизмдермен жұмыс кезінде қандай да бір апат болғанын анықтамағанын мәлімдеген.

Ведомствоның хабарлауынша, институт қызметкері ауырғаннан кейін мамандар арнайы шаралар кешенін ұйымдастырған. Науқастан алынған материалдарға жүргізілген кеңейтілген зерттеулер оның кәсіби қызметімен байланысты микроорганизмдерді анықтамаған.

Яғни әзірге Ресей билігі Иркутск облысындағы өлім жағдайын оба ауруымен байланыстыратын ресми дәлел келтірген жоқ.