Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылына байланысты мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ult.kz Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, 30 шілде күні Nissos Sifnos танкеріне үшінші айлақ арқылы мұнай тиеу аяқталып жатқан кезде тиеу манифольды ауданында дрондар шабуыл жасаған. Осыған байланысты қауіпсіздік мақсатында КҚК мұнай тиеу операцияларын алдын ала тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар, мұнай тиеуге кезекте тұрған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6–7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.
Шабуылдан кейін тұтанған өрт Каспий құбыр консорциумының үш буксирінің көмегімен толық сөндірілді. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.