Freedom Inside '26

Көтергіш техника істен шығып, екі жұмысшы ауыр жарақат алды

Көтергіш техника істен шығып, екі жұмысшы ауыр жарақат алды
istockphoto.com

Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында ағаш кесу жұмыстары кезінде көтергіш техниканың кенеттен істен шығуы салдарынан екі жұмысшы биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Тұрғындар ескі техниканың қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтып, жасыл желектің жаппай кесілуіне де алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ондаған жыл бойы күтім көрмеген ағаштарды кесу жұмыстары алдын ала ескертусіз басталған. Оқиға кезінде көтергіш құрылғы бұзылып, жұмысшылар төменге құлаған. Куәгерлердің сөзінше, олардың бірін техника басып қалған.

Оқиға салдарынан 2005 және 2002 жылы туған екі азамат ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың бас миының шайқалуы, кеуде қуысының жабық жарақаты, жамбас сүйектерінің сынуы секілді көптеген жарақатпен түскенін мәлімдеді. Бір науқас жансақтау бөліміне, екіншісі жарақат бөліміне жатқызылған. Қазір олардың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.

Өтеген батыр ауылдық округінің әкімдігі мердігер компаниямен жасалған келісімде барлық талаптардың сақталғанын, ал техника мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілік толығымен мердігерге жүктелетінін айтты.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты полиция тексеріс жүргізіп жатыр. Әкімдік қылмыстық іс қозғалмаған жағдайда мердігер компаниямен жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.