Коронавирус жұқтырған елордалық әйелмен бірге ұшқан 20 жолаушы ауруханаға жатқызылды

Коронавирус жұқтырған елордалық әйелмен бірге ұшқан 20 жолаушы ауруханаға жатқызылды

Коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандық әйелмен бір ұшақта 90 жолаушы болған, оның 20-сы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтып берді. 

«Нұр-Сұлтан қаласына коронавирус жұқтырған әйелмен бір ұшақта 90 жолаушы ұшып келді. 84 жолаушы Нұр-Сұлтан қаласында жүр. Олардың арасында іссапармен келген, қыдырып келген шетелдіктер де бар. Қалған алты жолаушы еліміздің басқа өңірлеріне шығып кеткен. Олармен сол өңірлер жұмыс істеуі тиіс», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтандағы барлық 84 жолаушымен байланыс орнаған. 

«Барлық 84 жолаушыға хабарласып шықтық. Олардың арасында қайту билеті бар ресейліктер де бар. Соған қарамастан, барлығын оқшаулаймыз. Әзірге 20 адам ауруханаға жатқызылды», - деді басқарма басшысы. 

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордада коронавирус жұқтырған үшінші адамның анықталғанын хабарлады.