Алматыда көпәйелділікті насихаттаған контент авторы полицияға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы полициясы әлеуметтік желілерде көпәйелділікті насихаттаған контент авторына қатысты әкімшілік шара қабылдап, профилактикалық әңгімелесу жүргізді.
Соңғы күндері БАҚ пен әлеуметтік желілерде блогер Бауыржан Бақытжанұлының көпәйелділік тақырыбындағы видеолары қызу талқыланған болатын. Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті мониторинг жүргізіп, заң талаптарына қайшы жарияланымдарды анықтады.
Полицияның мәліметінше, жарияланған материалдарда Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамда қалыптасқан моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы келетін өмір салты ашық насихатталған.
Осыған байланысты автордың жеке басы анықталып, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Ведомствоның хабарлауынша, профилактикалық әңгімелесуден кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасындағы даулы жарияланымдарды өз еркімен өшірген.
Алматы полициясы әлеуметтік желілер қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салып, заң талаптарына және отбасы институтына құрметті төмендететін контентті тарату заңмен белгіленген жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Еске салайық, бұған дейін мектептерде заңсыз діни уағыз бен көпәйелділікті насихаттауға тосқауыл қою мәселесі көтерілген болатын.