Қазақстанның Конституциялық соты қылмыстық процесте дәлелдемелерді бағалауға қатысты Жоғарғы Соттың нормаларының конституциялылығын қарады. Іске аудио және бейжазбалар негізгі айғақ ретінде ұсынылған қылмыстық іс себеп болған, деп хабарлайды ult.kz.
Конституциялық соттың мәліметінше, заң талаптарын сақтай отырып алынған мәліметтер ғана жол берілетін дәлелдеме ретінде танылады.
Сонымен қатар Жоғарғы Соттың тиісті нормалары тергеу органдары мен сотты кез келген аудио немесе бейжазбаны мұқият тексеру міндетінен босатпайды. Әр жазбаның іске қатыстылығы, заңдылығы және шынайылығы жеке бағалануы тиіс.
Конституциялық сот шешімінде бірнеше маңызды жайт атап өтілді.
- Әр іс жеке қаралады. Қылмыстық қудалау органдары мен сот нақты іс аясында аудио немесе бейжазбаның қандай жолмен алынғанын анықтауы керек.
- Жеке өмірге қол сұқпаушылық сақталуы тиіс. Аудио және бейжазбаларды жинау кезінде адамның жеке өміріне қатысты құқықтарының сақталуы сотта жан-жақты талдануы қажет.
Осылайша, аудио немесе бейжазбаның болуы оның автоматты түрде сотта дәлел ретінде қабылданатынын білдірмейді. Мұндай материалдың қалай алынғаны, заң талаптарының сақталғаны және оның шынайылығы міндетті түрде құқықтық тұрғыдан тексеріледі.