Қазақстанда кондиционерді рұқсатсыз орнатқаны үшін арнайы айыппұл қарастырылмаған. Алайда құрылғыны орналастыру кезінде ғимараттың қасбеті бүлінсе, ортақ мүлікті пайдалану тәртібі немесе сәулет талаптары бұзылса, пәтер иесі жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп жазады Krisha.kz сайты.
Кондиционер орнатуға қатысты талаптар тұрғын үйдің салынған жылына, жобасына және қалада қабылданған дизайн-кодқа байланысты ерекшеленеді. Мәселен, Алматы мен Астанада ғимараттардың сыртқы келбетін сақтауға бағытталған талаптар қатаң.
Жаңа тұрғын үй кешенінде кондиционерді қайда орнату керек?
Жаңа тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде құрылыс компаниялары кондиционердің сыртқы блогына арналған арнайы орынды алдын ала қарастырады. Ол арнайы қуыс, сәндік себет немесе жабық қорап түрінде болуы мүмкін.
Егер үйдің жобасында осындай орын белгіленсе, сыртқы блокты тек сол жерге орнату қажет. Оны өз бетінше басқа орынға ауыстыруға болмайды.
Кейбір тұрғындар арнайы қуыстың іші қатты қызып, кондиционердің дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданады. Мұндай жағдайда алдымен басқарушы компанияға жүгіну керек. Мәселе расталса, ол пәтер иелерінің жиналысында қарастырылуы мүмкін.
Ал егер сыртқы блоктың орнын өзгерту ғимарат қасбетіне әсер етсе, бұл шешімді сәулет бөлімімен келісуге тура келеді.
Ескі үйлерде арнайы рұқсат керек пе?
Ескі тұрғын үйлерде, соның ішінде «хрущёвка» үлгісіндегі үйлерде кондиционер орнатуға арнайы рұқсат талап етілмейді.
Дегенмен үйдің сыртқы қасбеті барлық пәтер иесіне ортақ мүлік саналады. Сондықтан кондиционер ғимараттың сыртқы көрінісін өзгертетін болса, оны орнатпас бұрын МИБ-пен, ПИК-пен немесе басқарушы компаниямен келісіп алған жөн.
Бұл кейін көршілер тарапынан түсетін шағымдар мен құрылғыны басқа жерге көшіру туралы талаптардың алдын алуға көмектеседі.
Қандай жағдайда мәселе туындауы мүмкін?
Кондиционердің өзі айыппұл салуға негіз болмайды. Алайда оны орнату кезінде:
- ғимараттың қасбеті бүлінсе;
- ортақ мүлікті пайдалану ережесі бұзылса;
- құрылыс және сәулет нормалары сақталмаса;
- құрылғы қатты шу шығарып, көршілерге кедергі келтірсе, мәселе туындауы мүмкін.
Мұндай жағдайда пәтер иесінен заң бұзушылықты жою талап етіледі. Кейде кондиционердің сыртқы блогын басқа жерге ауыстыруға немесе толық алып тастауға тура келеді.
Кондиционерді дұрыс орнатудың жолдары
Мамандар жаңа тұрғын үй кешенінде тұратын азаматтарға алдымен басқарушы компаниядан кондиционерге арналған арнайы орынның бар-жоғын анықтауға кеңес береді.
Ал екінші нарықтан пәтер сатып алғандар сыртқы блокты орнатпас бұрын МИБ-пен немесе ПИК-пен келіскені дұрыс.
Сондай-ақ кондиционерді ғимараттың негізгі қасбетіне орналастырмаған жөн. Сыртқы блокты сәндік себетпен жауып, құбырлар мен электр сымдарын көзге түспейтіндей етіп жүргізу қажет.
Жөндеу жұмыстарын бастамас бұрын көршілерге ескертіп, жұмыс аяқталған соң құрылыс қалдықтарын жинап кету де маңызды.
Алматы мен Астанада талап неге қатаң?
Алматыда 2024 жылдан бастап қала құрылысының дизайн-коды қолданылады. Құжатта ғимарат қасбеттерінің сыртқы көрінісіне, соның ішінде кондиционердің сыртқы блоктарын орналастыруға қатысты талаптар белгіленген.
Астанада да осыған ұқсас дизайн-код бар. Сондықтан бұл қалаларда кондиционерді кез келген жерге өз бетінше орнатуға болмайды.
Басқа өңірлердегі талаптар жергілікті ережелерге байланысты. Егер қалада арнайы дизайн-код болмаса, қосымша шектеулер қарастырылмауы мүмкін. Соған қарамастан тұрғын үй, құрылыс және ортақ мүлікті пайдалану нормаларын сақтау міндетті.