Freedom Inside '26

“Көмектеспек болған”: Көкшетауда зейнеткер 3 млн теңгесінен айырылды

“Көмектеспек болған”: Көкшетауда зейнеткер 3 млн теңгесінен айырылды
depositphotos.com

Көкшетау қаласында зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, 3,1 миллион теңгеден астам қаражатын жоғалтты, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, полицияға жергілікті тұрғын өз банктік шотынан ірі көлемде ақша заңсыз шешілгені туралы арыз түсірген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алдын ала мәліметке сәйкес, зейнеткер бірнеше ай бойы зейнетақысын ала алмаған. Себебі оның қолында батырмалы телефон болғандықтан, мобильді банктік қосымшаны пайдалана алмаған. Осыған байланысты ол қызмет көрсету орталығына барып, қосымшаны орнатуға көмек сұраған.

Тергеу барысында күдікті зейнеткердің сеніміне кіріп, оның мобильді банктік қосымшасына қол жеткізгені анықталды. Кейін ол шоттағы қаражатты үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударып, сондай-ақ жәбірленушінің атына несие рәсімдеген деген күдікке ілінді.

Зейнеткер бұл жағдайды банк бөлімшесіне жүгінген кезде ғана білген. Банк қызметкерлері оның шотында қаражат жоқ екенін айтып, полицияға хабарласуға кеңес берген.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция азаматтарды жеке деректерді, банк карталары мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеуге шақырды.