Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінен 15 смартфон, Wi-Fi-роутерлер және Sony PlayStation ойын приставкасы тәркіленді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру кезінде тыйым салынған заттармен бірге құлаққаптар, USB-кабельдер мен флеш-карталар да табылған.
Аталған заттарды сотталғандарға сақтауға және пайдалануға рұқсат етілмейді. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазір гаджеттердің мекемеге қалай жеткізілгені және оған кімдердің қатысы бары анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.