«Көлік әперемін»: Ақмолада ер адам 3,1 миллион теңгесінен айырылды

«Көлік әперемін»: Ақмолада ер адам 3,1 миллион теңгесінен айырылды
ашық дереккөз

Ақмола облысында ер адам Грузиядан көлік сатып әперемін деген ауылдасына сеніп, 3,1 миллион теңгесінен айырылып қалды. Жәбірленуші Toyota Highlander көлігін сатып алмақ болған, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2024 жылдың қазан айында болған. Жәбірленушінің ауылдасы Грузиядан Toyota Highlander алып беруге көмектесетінін айтып, одан 3,1 миллион теңге алған. Алайда арада уақыт өтсе де, уәде етілген көлік сатып алынбаған. Ақша да иесіне қайтарылмаған.

Осыдан кейін тұрғын полицияға жүгінген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Полиция азаматтарға ірі көлемдегі қаражатты таныс адамдарға да тиісті құжатсыз бермеуге кеңес берді. Кез келген мәмілені заң талаптарына сай рәсімдеу қажеттігін ескертті.