Көкжөтел нәресте үшін неге қауіпті?

Көкжөтел нәресте үшін неге қауіпті?
ашық дереккөз

Көкжөтел әсіресе сәбидің өмірінің алғашқы айларында қауіпті. Себебі бұл кезеңде баланың иммундық жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан нәрестені инфекциядан ерте қорғау маңызды, деп хабарлайды ult.kz.

Мамандардың айтуынша, сәбиді көкжөтелден қорғау жүктілік кезінде басталады. Ана ағзасындағы қорғаныш антиденелер плацента арқылы балаға беріледі. Ал жүктілік кезінде көкжөтелге қарсы вакцина алу анадағы антиденелердің деңгейін арттырып, нәрестені өмірінің алғашқы, ең осал кезеңінде қорғауға мүмкіндік береді.

Дегенмен анадан берілетін иммундық қорғаныс уақытша болады. Осыған байланысты Қазақстанда балаларға көкжөтелге қарсы вакцинация 2 айдан бастап жүргізіледі. Баланың Ұлттық егу күнтізбесінде белгіленген екпелерін уақытында алуы маңызды.

Сонымен қатар сәбидің айналасындағы адамдар да инфекцияның алдын алуға жауапты. Көкжөтел балаға ата-анасынан, аға-әпкелерінен немесе басқа жақын адамдарынан жұғуы мүмкін.

Ересектерде инфекция кейде ұзаққа созылған жөтел түрінде ғана байқалуы ықтимал. Алайда кішкентай нәресте үшін көкжөтелдің салдары ауыр болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі сәбиді қорғаудың негізгі жолдары ретінде ананың жүктілік кезінде уақтылы вакцина алуы, баланың егу күнтізбесіне сәйкес екпе қабылдауы және отбасы мүшелерінің инфекцияның алдын алуға жауапкершілікпен қарауын атап өтті.

Ведомство ата-аналарды балалардың жоспарлы вакцинациясын уақытында алуға шақырды.