Науқас 6 жасынан бері эпилепсиямен ауырып келген. 2014 жылдан кейін ауру белгілері бәсеңдеп, ұзақ уақыт ремиссия байқалған. Алайда соңғы уақытта құрысу ұстамалары қайта күшейіп, дәрігерлер тереңдетілген тексеру жүргізген, деп хабарлайды ult.kz.
Магниттік-резонанстық томография нәтижесінде науқастың миының оң жақ маңдай бөлігінде бірнеше сирек патология анықталды. Атап айтқанда, интрацеребралды липома, артериовеноздық мальформация және фокальды кортикальды дисплазия диагнозы қойылған. Мамандардың айтуынша, интрацеребралды липома ми ісіктерінің небәрі 1 пайызын ғана құрайтын өте сирек ауру саналады.
Дәрігерлер мұндай бірнеше күрделі патологияның бір адамның бойынан қатар табылуы нейрохирургия тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай екенін атап өтті. Науқастың жастығы да жағдайдың күрделілігін арттырған.
Шамамен жеті сағатқа созылған операцияны нейрохирург Еркін Медетов жүргізді. Ота барысында барлық патология толық алынып тасталды.
Қазір пациенттің жағдайы тұрақты. Ол дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Мамандар бұл оқиғаны отандық нейрохирургиядағы маңызды жетістіктердің бірі деп бағалап отыр. Өйткені мұндай күрделі операциялардың сәтті орындалуы қазақстандық медицина мамандарының жоғары кәсіби деңгейін көрсетеді.