Көкшетауда әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген 211 млн теңге жымқырылған

Көкшетауда әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген 211 млн теңге жымқырылған
Ашық дереккөзден

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Көкшетау қаласында әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2021 жылдың желтоқсан айында Көкшетау қаласының құрылыс бөлімі мен «Айдана-ИК» ЖШС арасында әлеуметтік осал топтарға арналған көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға қатысты құны 1 миллиард теңгеден асатын келісімшарт жасалған.

Алайда мердігер компания аванстық төлем алу үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға қатысты жалған шарттарды ұсынған деген күдікке ілінген.

Осы құжаттардың негізінде тапсырыс беруші тарап мердігерге 211 миллион теңге көлемінде қаражат аударған. Бірақ құрылыс жұмыстары толық көлемде орындалмағандықтан, тұрғын үйлер пайдалануға берілмеген.

ҚМА дерегінше, алынған бюджет қаражатының бір бөлігі жеке қажеттіліктерге жұмсалып, контрагенттермен есеп айырысуға және қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.