«Кетемін дегені үшін өлтірді»: Семейде әйелін ұрып өлтірді деген ер адам сотталуы мүмкін

«Кетемін дегені үшін өлтірді»: Семейде әйелін ұрып өлтірді деген ер адам сотталуы мүмкін
ашық дереккөз

Семейде 52 жастағы әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікпен оның күйеуі қамауға алынды. Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам әйеліне ондаған соққы жасап, кейін оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына мәліметінше, марқұм  Айжан Баяхметованың туыстары оның күйеуінен ұзақ жылдар бойы қысым көргенін айтады. Олардың сөзінше, ер адам ішімдік ішіп алып, жиі жанжал шығаратын болған.

«Битамен басынан ұрған. Қабырғасын, саусақтарын сындырған. Қолына, жамбасына соққы жасаған. Арқасы көгеріп кеткен. Барлығы 27-28 рет соққы болған», – дейді марқұмның туысы Жанна Нұрғазина.

Отбасының айтуынша, ерлі-зайыпты сәуір айында екі жаққа тыныш түрде кетуге келіскен. Алайда араға бірнеше күн салып, ер адам үйге келіп жанжал шығарған. Туыстарының мәліметінше, ол әйелінің және балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп жіберген.

Марқұмның жақындары ер адамның әйелін біраз уақыт бойы аңдып жүргенін айтып отыр.

«Соттың әділ өтуін талап етеміз. Бұл істі бір ғана баппен шектемей, барлық жағдайды ескеру керек. Ол апайымды аңдыған, қысым көрсеткен. Соңына дейін артынан жүріп, осындай жағдайға жеткізді. Ең ауыр жаза тағайындалуын сұраймыз», – деді туысы.

Күдікті қылмыс орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталып, қамауға алынған.

Бұл жағдай марқұмның екі баласына ауыр соққы болған. Туыстарының айтуынша, 12 жастағы қызы анасынан айырылғаннан кейін тұтығып сөйлей бастаған. Ал 16 жастағы ұлының жеңіл дәрежелі ақыл-ой кемістігі бар екені айтылды.

Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу аяқталып, іс сот қарауына жіберілген.