Қазақстандық экспортерлер Сауда министрлігіне көбінде қандай мәселелермен жүгінеді?

Қазақстандық экспортерлер Сауда министрлігіне көбінде қандай мәселелермен жүгінеді?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық экспортерлер министрлікке көбінесе қандай сұрақтармен жүгінетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз @exportgov телеграмм-чаты арқылы экспортерлермен «тікелей байланысты» жолға қойдық. Тәулік бойы біздің мамандар бизнес өкілдерінен өтінімдерді қабылдап, туындаған мәселелерді барынша тез шешуге тырысады», - деді Бақыт Сұлтанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр сонымен қатар экспортерлермен жүргізілген сауалнама барысында олардың көбінесе қандай мәселелермен бетпе-бет келгені анықталған.

«Олар – экспорттық аналитикалық тұрғыда қолдау, экспорттық құжаттаманы даярлау кезінде консалтинг, жеңілдікпен берілетін қаражатты алу мәселелері», - деді ол.

Сауда және интеграция министрі сауалнама нәтижесінде нарықтардың сыртқы талдау блогына көбірек назар аударыла бастағанын жеткізді.

«Осы жылдың 9 айының өзінде 103 кәсіпкерге экспорттық бағыттағы жұмысты енгізуді жақсарту керектігі жөнінде кеңес берілді. Өнімдерін сыртқа шығару бойынша кәсіпорындарға арналып, 14 салалық Экспресс Дайджест дайындалды. Шетелдердегі мекемелерімізбен өзара қарым-қатынас жасаудың үшдеңгейлі моделі ретке келтірілді: елшіліктер Қазақстанның сауда агентіне айналып, контрсеріктестерді іздеу бойынша жұмыстарды жүргізуде. Сонымен қатар экспортерлерді мемлекеттік тұрғыда қолдаудың монетарлық құралдары белсенді түрде іске қосылды», - деді Бақыт Сұлтанов.