Катер Алакөлге демалуға келген адамның екі аяғын жұлып әкетті

Катер Алакөлге демалуға келген адамның екі аяғын жұлып әкетті
Фото: әлеуметтік желі

Жетісу облысындағы Алакөл демалыс аймағында екі гидроцикл соқтығысып бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.

Тағы бір адам түрлі дәрежедегі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 17 шілде күні көл акваториясында болған. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, соқтығыс кешкі сағат 21:00 шамасында, яғни судағы көріну деңгейі төмендеген уақытта болған. 

Қазір аталған факті бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. ТЖД қолданыстағы ережелерге сәйкес, навигациялық шамдармен жабдықталмаған шағын жүзу құралдарының қараңғы уақытта суға шығуына қатаң тыйым салынатынын еске салды.

Сол секілді Алакөлдің Көктұма жағажайында тағы бір оқыс оқиға тіркелгені туралы ақпарат тарады. 70 жастағы әйел паромның гидроциклі кері жүрген кезде ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылған.

Қарт әйел катердің винтіне түсіп кеткен. Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шегуші ауруханаға өте ауыр әрі критикалық халде жеткізілген. 

Дәрігерлер оған ауыр аралас политравма диагнозын қойды, сонымен қатар әйелдің сол жақ аяғы толығымен, ал оң жақ аяғы ішінара ампутацияланған болып шықты. Оған қоса, көп қан жоғалтқан науқас шок жағдайында болған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.