Kaspi.kz Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жаңа цифрлық сервисті іске қосты.
Енді болашақ аналар жүктілікке және босануға байланысты төлемдерге өтінімді Kaspi.kz мобильді қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» сервисі арқылы беріп, төлемдерді ала алады.
Бұған дейін бұл үшін ХҚКО-ға барып, құжаттарды тапсырып, кезек күту қажет болатын. Енді өтінімді смартфон арқылы Kaspi.kz суперқосымшасында оңай әрі жылдам беруге болады.
Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі:
«Біз сүйікті клиенттеріміздің өмірін жақсартатын сервистер жасағанды жақсы көреміз. Әсіресе отбасыларға өміріндегі ең маңызды сәттерде көмектесетін осындай сервистермен жұмыс істеу біз үшін ерекше қуаныш.
Kaspi.kz арқылы қазірдің өзінде баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге, бала тууына байланысты жәрдемақы, бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төлемдер, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды алуға болады. Енді болашақ аналар жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді де рәсімдей алады.
Қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерді бірлесіп одан әрі жеңіл әрі қолжетімді етуге мүмкіндік берген мемлекеттік органдарға алғыс айтамыз. Сондай-ақ бізге сенім білдіріп, күн сайын Kaspi.kz-ті таңдайтын сүйікті клиенттерімізге рақмет!»
Бахтияр Жазықпаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
«Мемлекет көмектің ыңғайлы әрі қолжетімді болуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді. Біздің стратегиялық мақсатымыз – азаматтарды қағазбастылықтан және мемлекеттік органдарға бару қажеттілігінен барынша арылту. Әсіресе жүкті әйелдер мен аналар туралы сөз болғанда бұл аса маңызды.
Ең сұранысқа ие қызметтердің бірін күн сайын миллиондаған қазақстандық пайдаланатын платформаға көшіру – цифрландырудың мемлекеттік қолдауды әрбір адамға жақындатып, оны қарапайым әрі уақтылы ететінінің айқын мысалы».
Жүктілікке және босануға байланысты төлемдерге онлайн өтінім беру тәртібі туралы толығырақ Kaspi.kz суперқосымшасындағы
«Гид» сервисінен білуге болады.
Kaspi.kz туралы
Kaspi.kz миссиясы – сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистер жасау.
Kaspi.kz сервистерін Қазақстан мен Түркияда 26 миллионнан астам клиент және 1 миллионға жуық серіктес пайдаланады. Қазақстанда Kaspi.kz суперқосымшасы төлемдер, электрондық коммерция, онлайн-супермаркет, финтех, саяхат, хабарландырулар, мемлекеттік қызметтер және басқа да күнделікті сервистерді біріктіреді. Түркияда Kaspi.kz елдегі жетекші электрондық коммерция платформаларының бірі – Hepsiburada-ға иелік етеді.
Kaspi.kz арқылы қазірдің өзінде баланың туу туралы куәлігін рәсімдеуге, бала күтіміне және көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды алуға болады. Енді болашақ аналар жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді де рәсімдей алады.