Freedom Inside '26

Каспийде қайғылы оқиға: әкесі суға батып, ұлы аман қалды

Каспийде қайғылы оқиға: әкесі суға батып, ұлы аман қалды
freepik.com

Ақтау маңындағы Каспий теңізінде ер адам суға батып көз жұмды. Қайғылы оқиға Caspian Star демалыс базасының маңында болған, деп хабарлайды ult.kz.

Куәгерлердің айтуынша, теңізде қатты толқын кезінде әкесі мен баласы суға бата бастаған. Жағалаудағы демалушылар дереу көмекке ұмтылып, алдымен баланы, кейін әкесін судан алып шыққан.

Lada.kz-тің жазуынша, ер адам жағаға ес-түссіз күйде жеткізілді. Оқиға орнына жедел қызметтер жеткенге дейін куәгерлер оған ұзақ уақыт бойы жүрек-өкпе реанимациясын жасаған. Кейін құтқарушылар мен жедел жәрдемнің екі бригадасы көмек көрсеткенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Ал құтқарылған жасөспірімге медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ оны құтқаруға суға түскен азаматтардың бірі де дәрігерлердің тексеруінен өтті.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға жағалаудың арнайы жабдықталмаған бөлігінде болған. Куәгерлердің сөзінше, бұл аумақта тұрақты құтқару бекеті жоқ, ал ұялы байланыс нашар болғандықтан жедел қызметтерді шақыру қиындаған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті анықтап жатыр. Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға және теңізде қатты толқын кезінде суға түспеуге шақырды.