Kaspi аккаунттарын 10 мың сомнан сатқан схема әшкереленді

Kaspi аккаунттарын 10 мың сомнан сатқан схема әшкереленді
© Sputnik / Абзал Калиев

Бішкекте азаматтарды Қазақстанның Kaspi банкінен шот ашуға үгіттеп, кейін оларды үшінші тұлғаларға берумен айналысқан заңсыз схема әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.

24.kg мәліметінше, қала полициясы іске қатысы бар 13 адамды анықтады. Олардың арасында сегіз дроппер, екі ұйымдастырушы, екі тапсырыс беруші және бір такси жүргізушісі бар.

Тергеу мәліметінше, әр адамға банк аккаунтын ашып, өзгелерге бергені үшін 10 мың сомнан (шамамен 51 мың теңге) төленген. Ал ұйымдастырушылар тапсырыс берушілерден сыйақы алып отырған.

Құқық қорғау органдарының болжамынша, аккаунттар қылмыстық кірістерді заңдастыру және заңсыз ақша аударымдары үшін пайдаланылуы мүмкін. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция азаматтарды банк карталары мен шоттарын, сондай-ақ мобильді қосымшалардың құпия деректерін ақша үшін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.

Бұған дейін Ақтөбе облысының полициясы студенттердің 10 мың теңге үшін дропперлік схемаларға тартылып жатқанын ескерткен болатын.