Freedom Inside '26

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов экс-әйелінің айыптауларына жауап берді

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов экс-әйелінің айыптауларына жауап берді
Коллаж: ult.kz

Тележүргізуші Динара Сәтжанның жолдасы, миллионер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жары Жанна Жанықұлованың әлеуметтік желіде өзіне таққан айыптауларына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін кәсіпкердің экс-жұбайы Алматы қаласының ювеналды сотында неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану бойынша сот процесі жүріп жатқанын жариялаған еді. Өз кезегінде Жұмабек Жанықұлов кез келген түсініспеушілік халық алдында емес, тек заң шеңберінде шешілуі керек деп есептейді. Оның сөзінше, дау тудырған құжаттарға осыдан үш жылдан астам уақыт бұрын қос тараптың заңгерлері қатысып, мақұлдауымен қол қойылған, сондықтан ол қазіргі уақытта тек соттың ресми шешімін күтеді. Сондай-ақ бизнесмен ортақ балалары мен бұрынғы әйелінің алдындағы барлық міндеттемелерін бүгінгі күнге дейін толық орындап келе жатқанына сенімді.

«Өзіме алған міндеттемелерім үшін ұялмаймын», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал Жанна Жанықұлованың уәжі мүлдем бөлек: ол отбасының бұзылуына күйеуінің «тұрақты түрде көзге шөп салуы» (опасыздығы) себеп болғанын алға тартуда. Сонымен қатар ол экс-күйеуінің табысы тек бір ғана компаниясы бойынша 20 миллиард теңгеден асатынын айтып, сот пен қалың бұқараны бұл істі ерекше бақылауға алуға шақырды.

Анықтама ретінде айта кетсек, Жұмабек Жанықұлов 2022 жылы Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкердің қатарына енген, ал 2025 жылы танымал тележүргізуші Динара Сәтжанмен шаңырақ көтерген болатын.