Кәріз құдығында қаза тапқан жұмысшылардың несиесін өтеуге көмек беріледі

Кәріз құдығында қаза тапқан жұмысшылардың несиесін өтеуге көмек беріледі
Ашық дереккөзден

Павлодар облысында кәріз құдығындағы газдан уланып көз жұмған алты жұмысшының отбасына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оның ішінде марқұмдардың несиелерін өтеуге көмек беру де қарастырылған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Облыс әкімі Асайын Байханов қайғылы оқиға болған «Aqtogai Milk» ЖШС-не барып, қаза тапқан азаматтардың туыстарымен кездесті. Аймақ басшысы олардың қайғысына ортақтасып, мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

– Қаза болған азаматтардың отбасыларына мемлекет тарапынан да, жұмыс беруші тарапынан да кешенді көмек көрсетіледі. Оларға материалдық қолдау беріледі, жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді және несиелерін өтеуге жәрдем жасалады, – делінген әкімдік хабарламасында.

Сондай-ақ компания марқұмдардың кәмелетке толмаған балаларының 18 жасқа дейінгі күтімі мен білім алуына байланысты барлық шығынды өз мойнына алатынын мәлімдеді.

Облыс әкімі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне, полицияға және прокуратураға аталған оқиғаның тергелуін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Еске салайық, қайғылы жағдай Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында болған. Кәріз құдығындағы газдан улану салдарынан 1963, 1975, 1983, 1998, 2006 және 2009 жылы туған алты жұмысшы көз жұмды. Тағы бір азамат аудандық ауруханаға жеткізілген.