Алматыда 14 тамызда өтуі тиіс болған Канье Уэсттің концерті 15 тамызға ауыстырылды. Ұйымдастырушылар көрермендерден қауіпсіздік мақсатында Орталық стадионды босатуды сұрады, деп хабарлайды ult.kz.
Алайда стадиондағы үлкен экранда көрсетілген қауіпсіздік туралы ескерту үш тілде — ағылшын, түрік және орыс тілдерінде көрсетілді. Қазақ тіліндегі нұсқасы болмады.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Көпшілік «Түрік тілі бар да, Қазақстанның мемлекеттік тілі — қазақ тілі неге жоқ?» деген сұрақ қойып, концерт ұйымдастырушысы First Media Group-ты сынға алды.
Кейін концерт ұйымдастырушысы Дана Қарағұсова түсініктеме берді. Оның айтуынша, сол сәтте басты мақсат көрермендерді стадионнан мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз шығару болған. Ол «қазақ тілін ойлайтын уақыт болған жоқ» деп мәлімдеді.

Алайда бұл жауап та желіде сынға ұшырады. Көрермендер «Асығыс шығару керек болса, ағылшын, түрік және орыс тілдеріндегі хабарламаны көрсетуге уақыт қалай табылды?» деген сауал қойды.
«Бүгін концертте қазақ тілін күтеміз», — деп жазды желі қолданушылары.