Америкалық рэпер Канье Уэсттің Алматыдағы концерті ауа райының қолайсыздығына байланысты бір күнге кейінге қалдырылды. Әншінің Орталық стадионда өтуі тиіс концерті бастапқыда 14 тамызға жоспарланған болатын, деп хабарлайды ult.kz.
Концертке келген көрермендер шоу 15 тамызға, яғни ертеңге ауыстырылғаны айтылғанын хабарлады.
«Шоу ертеңге, дәл осы уақытқа ауыстырылады. Өкінішке қарай, стадионнан шығуыңызды сұраймыз. Ертең осы уақытта сіздерді күтеміз. Рақмет», – деді ұйымдастырушылар.
Бұған дейін сатып алынған билеттер өз күшін жоймайды. Оларды қайта айырбастаудың қажеті жоқ.
Концерттің кейінге шегерілгенін Канье Уэсттің өзі де әлеуметтік желідегі X парақшасында растады. Рэпер шараның ауа райына байланысты ауыстырылғанын атап өтті.
«Ауа райы жағдайына байланысты бүгінгі концерт ертеңге ауыстырылады. Денсаулық пен қауіпсіздік – біздің басты басымдығымыз», – деп жазды ол.
Осылайша, Канье Уэсттің Алматыдағы концерті 15 тамызда Орталық стадионда өтеді деп жоспарланып отыр.
