Қызылорда облысының Шиелі ауданында каналдан денесі табылған қыз баланың өліміне қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті сот санкциясымен қамауға алынған.
– Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асылбек Бексейітов.
Еске салсақ, 3 маусым күні Шиелі ауданының тұрғыны полицияға канал шлюзінен қыз баланың мәйіті табылғаны туралы хабарлаған. Осы дерек бойынша адам өлтіру бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Марқұмның туыстары оның 2 маусым күні кешке үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.