Қазақстанда жолдардағы көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесінің қолданылу аясы кеңейтіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл жүйе көліктің жылдамдығын бір ғана нүктеде емес, бақылаудағы жол учаскесінің бүкіл бойында тіркеуге мүмкіндік береді.
Яғни жүргізуші камераға жақындағанда ғана жылдамдығын төмендетіп, кейін қайта арттыра алмайды. Жүйе жолдың белгілі бір бөлігіндегі орташа жылдамдықты есептейді.
Қазір орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жалпы ұзындығы 2600 шақырым болатын 12 жол учаскесін қамтиды.
Жыл соңына дейін тағы 16 жол учаскесін осы жүйеге қосу жоспарланып отыр.
ІІМ бұл шара жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, апат салдарының ауырлығын төмендетуге бағытталғанын атап өтті.