Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік қолдау көлемі едәуір артады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) ұлғайтылады. Бұл қаржыны қатысушылар жаңа өңірден жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңартылған бағдарлама азаматтардың тек қоныс аударуына ғана емес, жаңа жерде тұрақты өмір сүруіне, баспаналы болып, тез бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған.
Тұрғын үй сертификатынан бөлек, қоныс аударушыларға көшу шығындарына субсидия беріледі, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысы өтеледі. Сондай-ақ мемлекет жаңа өңірде жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіп, азаматтарға көшпей тұрып-ақ жұмыс берушіні таңдау мүмкіндігін ұсынады. Ол үшін қабылдаушы өңірлерде тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Бағдарламаға қатысушылардың қатары да кеңейтілді. Енді мемлекеттік қолдау тек жұмыссыз азаматтарға ғана емес, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарға, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшыларына да қолжетімді болады.
Бағдарлама толық цифрлық форматқа көшірілген. Азаматтар migration.enbek.kz порталы арқылы онлайн өтінім беріп, өңірлер картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысып, өзіне қолайлы бос жұмыс орнын таңдай алады.
Айта кетейік, бұл бағдарлама 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде оған 73,9 мың адам қатысса, олардың 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.