Алматыда есірткі қылмыстарын анықтауға көмектескен курьер құқық қорғау органдары тарапынан марапатталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мегаполис тұрғыны бірнеше рет Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына ықтимал құқық бұзушылықтар туралы ақпарат берген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оның хабарламаларының бір бөлігі расталып, жедел-іздестіру шараларын жүргізуге негіз болған.
Есірткі қылмыстарымен күреске қосқан үлесі үшін азаматқа Құрмет грамотасы мен алғыс хат табысталды. Сонымен қатар Алматы қалалық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері оған iPhone 17 смартфоны мен 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берді.
Қауіпсіздік мақсатында марапатталған азаматтың жеке басына қатысты мәліметтер жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары оның аты-жөнін, фотосуретін және тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпараттарды жарияламау туралы шешім қабылдаған.
Ведомство өкілдері азаматтардың құқық қорғау органдарымен ынтымақтастығы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заңсыз есірткі айналымымен күреске маңызды үлес қосатынын атап өтті.