Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдай туралы ақпарат себеп болған.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта көліктің барлық түрлерімен елге кірген адамдар арасынан дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар азаматтар анықталмаған.
Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде.
Ал Ресейде мамандар эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта ықтимал жұқтыру көзі мен оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар мәлімет бойынша, олардан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс.
Сондай-ақ Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.
Ресейдің Роспотребнадзоры 4 қазанда Иркутск облысында, Иркутск қаласы мен Шелеховта санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлаған. Ведомство оба ауруының жағдайлары анықталмағанын мәлімдеді.
Ал Иркутск облысында қайтыс болған 28 жастағы әйелдің өлім себебі әзірге этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сенуге кеңес берді. Сапардан кейін ауру белгілері пайда болса, медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге барған жері мен сапар күндері туралы хабарлау қажет.