Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің жаңа шекті деңгейлері енгізіледі, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк әзірлеген бірлескен қаулы жобасына сәйкес, ипотека мөлшерлемесі қарыз сомасы мен тұрғын үй құнының арақатынасына (LTV) байланысты белгіленеді.
Жаңа тәртіп бойынша:
LTV көрсеткіші 0,7-ге дейін болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайды;
LTV көрсеткіші 0,7-ден жоғары болған жағдайда шекті мөлшерлеме 25% деңгейінде сақталады.
LTV – ипотека сомасының кепілге қойылған тұрғын үй құнына қатынасын көрсететін көрсеткіш. Ол қарыз алушының бастапқы жарнасына тікелей байланысты.
Мамандардың айтуынша, бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, кредиттік тәуекел де соғұрлым төмен болады. Мәселен, егер сатып алушы тұрғын үй құнының кемінде 30 пайызын бастапқы жарна ретінде төлесе, ипотека бойынша қарыз құны төменірек болады.
Ал 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі қазіргі 25% көлемінде сақталады.