Интернеттегі жалған діни ақпарат бірнеше бағытта кездеседі. Біріншіден, қасиетті кітаптардың аяттары мен хадистерін контекстен бөліп түсіндіру жиілеген. Екіншіден, қоғамдағы заңдарды жоққа шығарып, мемлекеттің зайырлы қағидаттарына қарсы пікірлер тарататын материалдар бар. Үшіншіден, адамдарды белгілі бір топқа қосылуға немесе күмәнді қайырымдылық қорларына қаржы аударуға үндейтін алаяқтық әрекеттер де кездеседі. Мұндай жағдайда әрбір азаматтың медиасауаттылығы ерекше маңызға ие. Кез келген діни ақпаратты көргенде оның қайдан жарияланғанына назар аудару қажет. Ақпараттың авторы кім? Оның діни білімі бар ма? Ол ресми діни мекемелердің өкілі ме? Осы сұрақтарға жауап іздеу – жалған ақпараттан қорғанудың алғашқы қадамы. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ ҒК Философия саясаттану және дінтану институты Дінтанулық зерттеулер орталыңының жетекшісі, PhD, Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы Ult.kz сайтының тілшісіне берген сұқбатында тарқатып айтып берді.
– Қазіргі таңда интернеттегі жалған діни ақпараттың таралуы қаншалықты өзекті мәселе?
– Жалған діни ақпараттың таралуы қазіргі таңда өзекті. Себебі, әлеуметтік зерттеулер нәтижесін қарайтын болсақ, жастардың діни сұрақ туындағанда жауапты қайдан іздейсіз деген сұраққа елу пайыздан жоғары көрсеткіш, интернеттен деп жауап берген. Жастардың қандай сайттардан ақпарат алып жүргені бізге белгісіз. Осы тұрғыдан алғанда интернеттегі жалған діни ақпарат таралу жолдарының алдын алу жұмыстарын жан-жақты зерттеп, оған қарсы жұмыстарды күшейту қажет.
– Жалған діни ақпаратты қарапайым азамат қандай белгілеріне қарап ажырата алады?
• Сенсациялық немесе қорқытуға негізделген мазмұн. Мысалы, «тек біз ғана ақиқаттамыз», «мұны орындамасаң міндетті түрде жазаға ұшырайсың» деген сияқты мәлімдемелер.
• Дереккөздің белгісіз болуы. Ақпараттың авторы, шыққан жері немесе қайдан алынғаны көрсетілмейді немесе нақты дәлелдер келтірілмейді.
• Діни мәтіндерді контекстен жұлып алу. Қасиетті кітаптардан немесе ғалымдардың сөздерінен бір бөлігін ғана келтіріп, толық мағынасын бұрмалау.
• Басқа көзқарастарды толық жоққа шығару. Барлық басқа діни қауымдарды немесе ғалымдарды «адасқан», «жау» деп сипаттау.
• Заңға немесе қоғамға қарсы әрекетке итермелеу. Мемлекеттік заңдарды елемеуге, өшпенділікке, зорлық-зомбылыққа немесе қоғамнан оқшаулануға шақыру.
• Эмоцияға ғана әсер ету. Логикалық дәлелден гөрі қорқыныш, кінә сезімі немесе ашу-ыза арқылы сендіруге тырысу.
• Сын айтуға немесе сұрақ қоюға тыйым салу. «Сұрақ қойма», «күмәндану – күнә» деген ұстанымдар ақпараттың сенімділігіне күмән тудырады.
• Қаржы немесе жеке пайдаға бағытталуы. Міндетті түрде ақша аударуды, қымбат курстарға жазылуды немесе барлық мүлкін белгілі бір топқа беруді талап ету.
– Әлеуметтік желідегі діни парақшалар мен уағыздардың сенімділігін қалай тексеруге болады?
– Біріншіден, авторын тексеру, діни білімін, қандай оқу орнын бітірген. Ақпараттың дереккөздеріне назар аудару. Сенімді уағыздарда қасиетті мәтіндерге, классикалық діни еңбектерге сілтемелер беріледі. Сенімді діни ақпарат адамдарды өзара құрметке, білім алуға және заңды сақтауға шақырады. Сенімді парақшалар дәйекті ақпарат береді, қателессе түзетеді және пікірлерін дәлелдермен негіздейді.
– Жастардың жалған діни ақпараттың ықпалына түспеуі үшін не істеу керек?
– Әлеуметтік желіде көрген кез келген діни мәліметке бірден сенбей, оның қайдан алынғанын және қаншалықты сенімді екенін тексеру. Ресми және сенімді дереккөздерді пайдалану. Діни сауаттылықты арттыру. Діннің негізгі қағидалары мен тарихын сенімді әдебиеттер мен білікті мамандар арқылы үйрену жалған ақпаратты ажыратуға көмектеседі. Сыни ойлауды дамыту. Кез келген мәліметті талдап, бірнеше дереккөзбен салыстыру және дәлелсіз пікірлерге сақтықпен қарау. Күмәнді уағыздардан сақ болу. Егер уағызда өшпенділікке, қоғамнан оқшаулануға немесе заңды бұзуға шақыру болса, ондай ақпараттан аулақ болған жөн. Түсініксіз діни мәселелер бойынша білікті, дінтанушылардан немесе ресми діни ұйымдардың өкілдерінен кеңес алу. Әлеуметтік желіні жауапкершілікпен пайдалану. Күмәнді парақшаларға жазылмау, тексерілмеген ақпаратты бөліспеу және жалған контент туралы хабарлау.
– Діни мәселелер бойынша сенімді ақпаратты қайдан алған дұрыс?
– Ресми парақшалардан яғни атап айтатын болсақ, Дін істері комитетінің сайтынан, дін істер басқармасының сайтынан және ҚМДБ сайтынан ақпарат алуды жастарға ұсынамыз.
– Интернеттегі жалған діни ақпараттан сақтану үшін оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Діни мәтіндердің дұрыс қолданылуына назар аударыңыз. Қасиетті кітаптардан алынған үзінділердің толық мағынасы мен контекстің сақталғанын тексеріңіз. Күмәнді сілтемелер мен топтарға қосылмаңыз. Белгісіз чаттар, жабық топтар немесе күмәнді арналар арқылы таралатын діни материалдарға абай болыңыз. Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Оның шынайылығына көз жеткізбей тұрып, өзгелерге жібермеңіз. Діни және цифрлық сауаттылықты дамытыңыз. Сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, жалған ақпараттың белгілерін тануды үйреніңіз. Күмән туындаса, маманнан сұраңыз. Діни сұрақтар бойынша, дінтанушылардан немесе дін істері басқармаларының өкілдерінен кеңес алыңыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!