Виза уәдесімен 600 мың теңге алған: Астанада интернет-алаяқ ұсталды

Виза уәдесімен 600 мың теңге алған: Астанада интернет-алаяқ ұсталды
ашық дереккөз

Астанада «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен 28 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өзін сенімді делдал ретінде таныстырып, азаматтарға Түркияға виза рәсімдеуге көмектесетінін айтқан. Ол құжаттарды дайындау және виза рәсімдеу шығындарын сылтауратып, жәбірленушіден алдын ала 600 мың теңге алған.

Алайда ақшаны алғаннан кейін уәде еткен қызметін көрсетпей, түрлі сылтаумен уақыт созған. Кейін жәбірленушімен байланысын үзген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды интернеттегі ақылы қызметтерге қатысты ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Алдын ала ақша аудармас бұрын қызмет көрсетушінің заңдылығы мен сенімділігін тексеру қажет.