Камераны алдамақ болған: «НЕТУ» нөмірлі Toyota Camry арнайы тұраққа қойылды

Камераны алдамақ болған: «НЕТУ» нөмірлі Toyota Camry арнайы тұраққа қойылды
Polisia.kz

Түркістан облысында автоматты камераға түспеу үшін мемлекеттік нөмірінің орнына «НЕТУ» деген жазу қойған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, жол қозғалысы ережесін бұзған көлік туралы ақпарат автоматты камера арқылы патрульдік полиция инспекторларына түскен. Бағыттама бойынша тәртіп сақшылары республикалық маңызы бар «Шымкент – Самара» автожолының 143-шақырымында Toyota Camry көлігін тоқтатты.

Тексеру кезінде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына «НЕТУ» деген жазу қойылғаны анықталды. Жүргізуші Қызылорда облысының 29 жастағы тұрғыны болып шықты.

Оған көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды. Көлік арнайы тұраққа қойылды.

Полиция жүргізушілерге автоматты камераларға түспеу немесе жауапкершіліктен жалтару мақсатында мемлекеттік нөмірді әдейі алып тастауға болмайтынын ескертті. Мұндай әрекет заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.