Ақтау қаласының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде жариялаған видеосы үшін сот алдында жауап берді. Сот шешімімен блогер даулы жазбаны өшіріп, жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Іс материалдарына сәйкес, блогер қылмыстық іс аясында жүргізілген тергеу әрекеттерінің бір сәтін видеоға түсіріп, оны Instagram парақшасында жариялаған. Бейнежазбада осы іске қатысы бар қала тұрғындарының бейнесі көрсетілген.
Алайда талап қоюшылар өздерінің бейнесін жариялауға келісім бермегендерін айтып, сотқа жүгінген. Олар видеоны әлеуметтік желіден алып тастауды және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап еткен.
Ақтау қалалық №2 соты жауапкердің өзін қоғам қайраткері немесе штаттан тыс журналист ретінде таныстыруға қатысты уәждерін негізсіз деп тапты. Сот жарияланған бейнематериал азаматтың келісімінсіз таратуға заңмен рұқсат етілетін жағдайларға жатпайтынын атап өтті.
Сонымен қатар, сот бейнежазбаның кеңінен таралуы мен оған жазылған пікірлер талап қоюшыларға моральдық зиян келтірген деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде сот блогерге Instagram-дағы видеоны өшіруді, сондай-ақ екі талап қоюшының әрқайсысына 200 мың теңгеден, жалпы 400 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда әкесінен зорлық көргенін мәлімдеген блогер қыздың 10 тәулікке қамалғаны туралы хабарланған болатын.