Instagram арқылы 154 адамды алдаған қызылордалық сотталды

Instagram арқылы 154 адамды алдаған қызылордалық сотталды
ашық дереккөз

Қызылорда қаласының 32 жастағы тұрғыны интернет-алаяқтық жасағаны үшін сотталып, 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, азамат 2024 жылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге Instagram әлеуметтік желісінде жалған парақша ашқан. Ол бөтен адамдардың жеке деректерін пайдаланып, тұрғындарға «салған ақшаңызды еселеп қайтарамын» деп уәде берген.

Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушілердің қаражатын букмекерлік кеңсе мен электронды төлем жүйелері арқылы иемденгені анықталған.

Алаяқтық әрекеттерінің салдарынан республика бойынша 154 адам зардап шегіп, келтірілген жалпы шығын шамамен 12 миллион теңгені құраған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, барлық жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеген. Осыған байланысты сот оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындаған.

Қазіргі уақытта сотталған азамат тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр. Сот үкімі заңды күшіне енді.