Инклюзивті білім: тең мүмкіндікке бастар жол

Инклюзивті білім: тең мүмкіндікке бастар жол
Ашық дереккөзден

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамнан шет қалмай, сапалы білім алуы – бүгінгі әлеуметтік саясаттың ғана емес, мемлекеттің өркениеттік даму деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Қазақстан соңғы жылдары инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді реформаларды жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жекелеген жобалармен шектелмей, заңнамалық және стратегиялық құжаттар арқылы жүйелі түрде іске асырылып жатыр. 

Инклюзивті саясаттың құқықтық негізі 2025–2030 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясат тұжырымдамасында», 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында, сондай-ақ «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Дамуында шектеулері бар балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау көрсету туралы» заңдарда нақты көрініс тапқан. Бұл құжаттардың негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың білім алуға, әлеуметтенуге және қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасау.

Бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қызмет көлемі де ұлғайып келеді. Бұл инклюзивті инфрақұрылымды үздіксіз дамыту қажеттігін көрсетеді. Ал ерекше балаға білім беру туралы Seitzhan school мектебінің музыка пәні мұғалімі, педагог сарапшы Заманбек Базатханұлы пікірімен бөлісті. Оның сөзінше, инклюзивті білім берудің тағы бір маңызды бағыты – жалпы білім беретін мектептердің мүмкіндігін кеңейту.

«2025–2026 оқу жылының басында елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала тіркелген. Оның 70 мыңнан астамы – мектепке дейінгі жастағы, 165 мыңнан астамы – мектеп жасындағы балалар. Сарапшылар бұл көрсеткіштің жыл сайын өсіп отырғанын тек балалар санының артуымен ғана емес, ерте диагностикалау жүйесінің жетілдірілуімен және ата-аналардың арнайы қолдауға жүгіну деңгейінің жоғарылауымен де байланыстырады», – дейді педагог сарапшы Заманбек Базатханұлы.

Қазір республикада арнайы білім беру ұйымдарының саны 539-ға жетті. Оның ішінде 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 240 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы, 14 оңалту орталығы, 99 арнайы мектеп және 48 арнайы балабақша жұмыс істейді. Бұл – соңғы жылдары мемлекеттік қолдау аясында қалыптасқан маңызды инфрақұрылым. Дегенмен инклюзивті білім беру тек арнайы мекемелер санын көбейтумен өлшенбейді. Ең бастысы – әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан қажетті қызметке қол жеткізуі және жалпы білім беру ұйымдарында сапалы білім алуына мүмкіндік жасалуы.

«Инклюзивті білім беру – бұл ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы жай ғана мектепке қабылдау емес. Оның басты мақсаты – әр баланың қабілеті мен мүмкіндігіне қарай білім алып, өз қатарластарымен бірге өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Сондықтан инклюзияны әлеуметтік жоба ретінде емес, білім беру сапасын арттыратын маңызды бағыт ретінде қарастыру қажет.

Соңғы жылдары мектептерде инклюзивті білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қолдау кабинеттерінің ашылуы, педагог-ассистенттердің жұмысқа тартылуы, арнайы мамандар санының артуы мұғалімдердің жұмысын да жеңілдетіп, балаларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуда. Дегенмен инклюзивті білімнің табысты болуы тек материалдық жағдайға байланысты емес. Ең маңыздысы – мектеп ұжымының көзқарасы мен педагогтердің кәсіби дайындығы.

Бүгінде мұғалім тек пәнді оқытушы емес, әр баланың қажеттілігін ескеретін бағыттаушы тұлғаға айналып отыр. Ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушының сыныпта өзін еркін сезінуі, құрдастарымен қарым-қатынас орнатуы, сабаққа белсенді қатысуы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты.

Сонымен қатар инклюзивті орта ерекше балаларға ғана емес, басқа оқушыларға да оң әсер етеді. Бір сыныпта бірге білім алған балалар мейірімділікке, төзімділікке, өзгеге құрметпен қарауға үйренеді. Олар әр адамның мүмкіндігі әртүрлі екенін түсініп өседі», – дейді педагог сарапшы Заманбек Базатханұлы.

Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың 213,7 мыңы немесе 90 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Жалпы білім беретін мектептерде 96 мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алып жатыр. Оларға 11 мыңнан астам арнайы педагог қызмет көрсетеді. Сонымен бірге бұрын үйде оқуға мәжбүр болған балаларды мектеп ортасына бейімдеу бағытында да оң өзгерістер байқалады. Қазіргі уақытта 17 мың бала үй жағдайында білім алады. Оның 83 пайызы – мүгедектігі бар балалар. Білім беру ұйымдарына педагог-ассистенттер мен жеке көмекшілер лауазымдарының енгізілуі нәтижесінде үйде оқитын балалар саны бір жыл ішінде 11 пайызға азайып, екі мыңға жуық бала мектепке келіп, қатарластарымен бірге білім алу мүмкіндігіне ие болды.