IMD World Competitiveness 2026: Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 экономикасының қатарына енді

IMD World Competitiveness 2026: Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті 40 экономикасының қатарына енді
istockphoto.com

​​​​​Қазақстан әлемнің ең бәсекеге қабілетті экономикаларының халықаралық рейтингінде 38-орынға тұрақтап, ТМД елдері ішінде бұл тізімге енген жалғыз мемлекет атанды. Бұл туралы IMD World Competitiveness Center жариялаған жаһандық зерттеу қорытындысында айтылған, деп хабарлайды ult.kz.

Швейцариялық IMD World Competitiveness Center орталығының жыл сайынғы зерттеуі әлемнің 70 елінің экономикасын экономикалық өнімділік, мемлекеттік тиімділік, бизнес тиімділігі және инфрақұрылым сияқты төрт негізгі бағыт бойынша бағалайды. Биылғы тізімде Қазақстан 65.4 ұпай жинап, 38-орынға ие болды.

Рейтингтің көш басында Сингапур (100 ұпай), Гонконг (95.6 ұпай), Швейцария (95.3 ұпай), Тайвань (94.3 ұпай), БАӘ (94.1 ұпай), Дания (94.1 ұпай), Ирландия (94.1 ұпай), Нидерланд (90.1 ұпай), Швеция (88.5 ұпай) және АҚШ (86.8 ұпай) сияқты әлемнің алдыңғы қатарлы 10 елдері орналасқан.

Осы жаһандық тізімде Қазақстан өзінің көрсеткіштері арқылы Испания, Португалия, Польша, Италия  және Аргентина сынды бірқатар мемлекеттерді артта қалдырып, жоғары сатыға тұрақтады.

Елдің жеке профайлында негізгі төрт бағыт бойынша мынадай көрсеткіштер тіркелген: Мемлекеттік тиімділік (Government Efficiency) бойынша Қазақстан 63.0 ұпай жинап, 23-орынға тұрақтады. 

Ал Бизнес тиімділігі (Business Efficiency) бағытында 66.5 ұпаймен 23-орынды иеленді. 

Сонымен қатар Инфрақұрылым (Infrastructure) көрсеткіші 46.2 ұпайды құрап, ел бұл салада 43-орынға жайғасты, ал Экономикалық көрсеткіштер (Economic Performance) бағыты бойынша 43.5 ұпаймен 57-орынға тұрақтап отыр.

Зерттеу аясында Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері де ұсынылған: Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 306.2 миллиард долларды құрап, ел бұл көрсеткіш бойынша 44-орынға ие болды. 

ЖІӨ (ТСҚ) жан басына шаққанда 45,286.3 долларға жетіп, 43-орынды еншіледі. Елдің нақты ЖІӨ өсімі 6.5%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша 6-орынға тұрақтап отыр. 

Сонымен қатар халық саны 20.4 миллион адамды (32-орын) құраса, жұмыссыздық деңгейі 4.6%-ды (31-орын) және тұтыну бағаларының инфляциясы 11.4%-ды (65-орын) көрсетті.