Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерді интернет алаяқтарының заңсыз қаржылық схемаларына қатысудан сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар көбіне мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен онлайн ойындар арқылы «жеңіл табыс» ұсынатын хабарламалар таратады. Олар жасөспірімдерге өз банк картасына ақша қабылдап, оны басқа шоттарға аударуды немесе қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынады.
Алайда мұндай әрекеттер ұрланған қаражатты заңдастыру тізбегінің бір бөлігі болуы мүмкін.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, қылмыскерлер өз ізін жасыру үшін «дроптарды» пайдаланады. Яғни ақша бірнеше бөгде шот арқылы өткізіліп, негізгі ұйымдастырушылар жауапкершіліктен тасада қалады.
Тәртіп сақшылары мұндай операцияларға байқамай қатысудың өзі құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Осыған байланысты азаматтарға, әсіресе жасөспірімдерге, банк картасының деректерін және мобильді банк қосымшаларына қатысты ақпаратты бөгде адамдарға бермеу, сондай-ақ күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тарту ұсынылды.
Полиция күмәнді жағдай туындаған кезде ата-аналарға немесе сенімді ересектерге хабарласып, кеңес алуға шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында дропперлерге қатысты 20-ға жуық қылмыстық іс тіркелгені хабарланған болатын.