Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық департаменті базасында ұшқышсыз авиациялық жүйелердің оқу-жаттығу зертханасы ашылды. Мұнда полиция қызметкерлері дрондарды басқару бойынша арнайы дайындықтан өтеді, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа зертхана ішкі істер органдарын цифрландыру және жаңғырту аясында іске қосылған. Оқыту бағдарламасы теориялық сабақтарды, арнайы симуляторлардағы жаттығуларды және компьютерлік тәжірибелік курстарды қамтиды.
ІІМ жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Роллан Молдыбаевтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – заманауи технологияларды күнделікті қызметте тиімді қолдана алатын мамандарды даярлау.
Қазіргі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттары полиция жұмысының маңызды құралына айналып келеді. Олар түнгі бақылау жүргізуге, әуеден барлау жасауға, жоғалған адамдарды іздеуге және оқиға орындарын жедел тексеруге мүмкіндік береді. Дрондар жоғары сапалы камералармен және жылу анықтағыш құрылғылармен жабдықталған.
Сонымен қатар технологиялар таулы аймақтар, кең далалар және жетуі қиын нысандарды бақылау кезінде де тиімді қолданылып отыр. Бұл іздестіру жұмыстарын жеделдетіп, құқық қорғау органдарының әрекет ету мүмкіндігін арттырады.
Министрлік мәліметінше, дрондардың тиімділігі өңірлерде де дәлелденген. Мәселен, Түркістан облысында ұшқышсыз аппараттың көмегімен мал ұрлығы дерегі жедел ашылып, күдіктілердің қозғалысы анықталған және ұрланған мүлікті сатып алушыны табуға мүмкіндік беретін дәлелдер жиналған.
Ведомство өкілдері ұшқышсыз технологияларды енгізу полиция жұмысының жеделдігі мен дәлдігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге оң әсер ететінін атап өтті.