Грузия билігі елде заңды түрде тұру құқығын алу үшін жасалатын жалған некемен күресті күшейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі заңнамаға бірқатар қатаң түзетулер енгізуді ұсынып, тиісті құжаттарды парламент қарауына жолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, Грузия азаматы мен шетелдік азамат арасындағы жалған неке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылмақ.
Егер заң жобасы қабылданса, тұруға ықтиярхат алу мақсатында жасалған жалған неке үшін айыппұл салу, бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге үйқамаққа алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Ал шетелдік азаматтар үшін жаза одан да қатаң болуы мүмкін. Сотталғаннан кейін олар ел аумағынан шығарылып, Грузияға қайта кіруге 2 жылдан 10 жылға дейін тыйым салынуы ықтимал.
Грузияның Ішкі істер министрлігі жаңа нормалардың көші-қон ағындарын бақылауды күшейтуге және заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ көші-қон қызметінің өкілеттіктерін кеңейтіп, халықаралық отбасылардың шынайы отбасылық өмір сүріп жатқанын тексеру мүмкіндігін арттыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары Грузия шетел азаматтарына қатысты көші-қон талаптарын кезең-кезеңімен күшейтіп келеді. Бұған дейін елде инвесторларға арналған иммиграциялық визаларды алу шарттары қатаңдатылып, қашықтан жұмыс істейтін азаматтарға жаңа талаптар енгізілген болатын. Сонымен қатар шетелдіктерге гид, курьер және такси жүргізушісі болып жұмыс істеуге шектеу қойылған.
Қазіргі уақытта заң жобасы депутаттардың қарауында. Құжат жақын арада қабылдануы мүмкін.