Freedom Inside '26

Гроссмейстер Дармен Сәдуақасов және Виктор Бологан Жапонияда бір мезгілде ойын сеанстарын өткізеді

Гроссмейстер Дармен Сәдуақасов және Виктор Бологан Жапонияда бір мезгілде ойын сеанстарын өткізеді
Getty Images

Қазақстан шахмат федерациясының (ҚШФ) бірінші вице-президенті, гроссмейстер Дармен Сәдуақасов 12–25 маусым аралығында Freedom Asian Chess Initiatives (FACI) жобасы аясында Жапонияға барады. Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) атқарушы директоры, гроссмейстер Виктор Бологанмен бірге олар жапондық шахматшылар үшін бір мезгілде ойын сеанстарын және білімдік дәрістер өткізеді, деп хабарлайды ult.kz.

Негізгі іс-шаралар Токио және Киото қалаларында өтеді. 13 маусымда Токиода The Joys of Chess with Grandmaster Legends шахмат фестивалі, ал 14 маусымда Киотода KYOCHESS Spotlight іс-шарасы ұйымдастырылады. Қатысушылар әйгілі гроссмейстерлерге қарсы ойнай алады, сондай-ақ шахматтық дайындыққа және ойынның қазіргі заманғы тенденцияларына арналған дәрістерге қатыса алады.

Дармен Сәдуақасов — 1998 жылғы 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы, гроссмейстер (1999), ҚШФ бірінші вице-президенті және Азия шахмат федерациясының (ACF) вице-президенті. Ол әлемнің экс-чемпионы Анатолий Карпов пен әлемдік шахмат тәжінің үміткері Виктор Корчнойға қарсы матчтарда жеңіске жеткен.

Виктор Бологан — Молдованың тарихындағы ең мықты шахматшы, әлемдік элитаға кірген (ФИДЕ рейтингінде 2005 жылдың сәуірінде 18-орын, ең жоғары Эло рейтингі — 2734, 2012 жылдың тамызында). Гроссмейстер атағынан (GM, 1991) бөлек, ФИДЕ аға бапкері (FST, 2012) және халықаралық ұйымдастырушы (IO, 2025) атақтарының иегері. Ол көптеген шахмат кітаптарының авторы.

Бұл сапар Freedom Asian Chess Initiatives (FACI) жобасы аясында ұйымдастырылуда. Жоба Азия елдері арасындағы шахматтық ынтымақтастықты дамытуға, ойынды танымал етуге және жетекші шахматшылар мен ұлттық федерациялар арасында тәжірибе алмасуға бағытталған. Жобаны ҚШФ Жапония шахмат федерациясымен, ФИДЕ және ACF-пен бірлесіп, Freedom Holding Corp. қолдауымен жүзеге асырып отыр.