Грантқа түсе алмаған талапкерлерге Асхат Аймағамбетов алты кеңес берді

Грантқа түсе алмаған талапкерлерге Асхат Аймағамбетов алты кеңес берді
Асхат Аймағамбетов. Фото: youtube/NartayAralbyuli

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік білім грантына ие бола алмаған талапкерлер мен олардың ата-аналарына қандай мүмкіндіктер бар екенін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, негізгі грант тізіміне енбей қалу – жоғары білім алуға мүмкіндік толық жабылды деген сөз емес. Талапкерлер үшін қосымша бірнеше жол бар.

Аймағамбетов ең алдымен жергілікті әкімдіктер бөлетін білім гранттарына назар аударуға кеңес берді. Оның сөзінше, өңірлерде жергілікті бюджет есебінен бірнеше мың грант қарастырылады.

Сондай-ақ "Қазақстан халқына" қоры ұсынатын гранттар да талапкерлер үшін қосымша мүмкіндік бола алады.

Экс-министр кейбір талапкерлер түрлі себептермен жеңіп алған мемлекеттік грантынан бас тартатынын да атап өтті. Мұндай жағдайда босап қалған гранттар ҰБТ нәтижесіне сәйкес тізімде келесі тұрған талапкерлерге берілуі мүмкін.

Тағы бір жол – жоғары оқу орнына ақылы бөлімге түсіп, жақсы оқу. Егер студенттің GPA көрсеткіші жоғары болса, оқу барысында босап қалған грантқа ауысуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, кейбір университеттердің өз ішкі гранттары да болады.

Асхат Аймағамбетов "gap year" тәсілін де балама ретінде атады. Яғни талапкер бір жыл қосымша дайындалып, келесі жылы ҰБТ-ны қайта тапсырып, грантқа талпына алады. Ол мұндай тәжірибе өзінің де басынан өткенін айтты.

Сондай-ақ колледжге түсу де тиімді нұсқалардың бірі екенін жеткізді. Колледждерде грант саны көп, ал еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтар жеткілікті. Кейін колледж түлегі жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыра алады.

Аймағамбетов талапкерлерге мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін университеттердің қабылдау комиссияларына хабарласып, барлық қолжетімді гранттар мен бағдарламалар туралы нақты ақпарат алуға кеңес берді.

Еске сала кетейік, 7 тамызда Қазақстанда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттары конкурсының қорытындысы жарияланған.