Батыс Қазақстан облысында алаяқтық жасаған мемлекеттік қызметші сотталды. Орал қалалық соты облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, шенеунік 2025 жылдың қазан айында жәбірленушіге мемлекеттік грант алып беруге көмектесетінін айтып, оның сеніміне кірген. Алайда конкурстық комиссияның шешіміне ықпал етуге ешқандай өкілеттігі болмағанына қарамастан, жәбірленушіден 700 мың теңге алып, ақшаны жеке пайдасына жұмсаған.
Кейін жәбірленуші атынан тапсырылған гранттық өтінім конкурс комиссиясының қолдауына ие болмаған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық шығынды толық өтеген. Жәбірленуші де залалдың өтелгенін растап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкім шығару кезінде сотталушының кінәсін мойындауын, жасаған ісіне өкінуін, келтірілген залалды толық өтеуін және жәбірленушінің пікірін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Нәтижесінде сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, ұрланған қаражаттың он еселік мөлшеріне тең — 7 миллион теңге айыппұл салды.
Сонымен қатар сотталған азамат мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.