Гонконг әуе компаниясы Қазақстанға жүк және жолаушылар рейстерін ашады

Гонконг әуе компаниясы Қазақстанға жүк және жолаушылар рейстерін ашады
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі халықаралық әуе қатынастарының географиясын кеңейту және жаңа шетелдік әуе тасымалдаушыларын тарту бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды ult.kz. 

Осы мақсатта Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиеваның «Cathay» (Гонконг) әуе компаниясының Таяу Шығыс өңірі бойынша өңірлік менеджері Оливер Коэльомен кездесуі өтті. 

Кездесу барысында Оливер Коэльо әуе компаниясының 2026 жылғы 1 тамыздан бастап «Боинг-747» үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 5 рейске дейінгі жиілікпен Астана қаласына тұрақты жүк рейстерін ашу жоспары туралы хабарлады. Сонымен қатар, ол 2027 жылғы қаңтар айынан бастап «Эйрбас-330» үлгісіндегі әуе кемелерімен аптасына 3 рет жиілікпен Гонконг – Алматы бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. 

Салтанат Томпиева аталған жобаларды іске асыруға Қазақстан тарапы қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жүк және жолаушылар рейстерін іске қосу үшін қажетті рәсімдерді бірлесіп жалғастыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты сақтауға келісті. 

Жаңа рейстердің ашылуы сауда-экономикалық және туристік байланыстардың одан әрі дамуына, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюіне, сондай-ақ Қазақстан мен Гонконг арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етеді.