Германияда қаза тапқан қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары мен қорғаушылары қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның анасы Шолпан Батқалова мен адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, әйелге қатысты аса ауыр зорлық-зомбылық белгілері анықталған. Олардың пікірінше, қылмыс оның күйеуімен бірге тұрған пәтерде жасалуы мүмкін.
Қорғаушы тараптың мәліметінше, тергеу барысында пәтер мен жертөледен маңызды айғақтар табылған. Адвокаттар бұл деректер қылмыстың мән-жайын анықтауға көмектесуі мүмкін деп есептейді.
Сондай-ақ жәбірленуші тарап Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесінің қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген болжамын айтты. Алайда бұл тұжырымдар әзірге сотпен дәлелденбеген.
Марқұмның ағасы Жанат Сайлыбаев әйелдің денесі іздестіру жұмыстары барысында табылғанын айтып, кейін оның жеке басы сараптама арқылы расталғанын жеткізді.
Еске салсақ, 2024 жылдың маусым айында Германияда тұратын қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені туралы хабар тараған болатын. Кейін оның денесі Бенсхайм қаласының маңынан табылды.
Адам өлтіру фактісі бойынша Германияда қылмыстық іс қозғалды. Германия құқық қорғау органдарының мәліметінше, марқұмның енесі Наталья Донцова күдікті ретінде танылып, оған халықаралық деңгейде іздеу жарияланған.
Қазақстанның құқық қорғау органдары да іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары күдіктілердің жауапқа тартылуын талап етуде.