Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты рәсімде International Boxing Hall of Fame мүшелігіне қабылданды. Ол бұл мәртебеге ие болған алғашқы қазақстандық спортшы атанды, деп хабарлайды ult.kz.
Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданып, есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс аңыздарымен қатар аталды.
Кәсіпқой мансабында Головкин 45 жекпе-жек өткізіп, 42 рет жеңіске жетті. Оның 37 жеңісі нокаутпен аяқталған. Ол WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, орта салмақта бірнеше рекорд орнатты. Атап айтқанда, қатарынан 23 нокауттық жеңіске жетіп, чемпиондық белбеулерін 21 рет сәтті қорғаған.
Қазіргі уақытта Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті президенті және World Boxing ұйымының басшысы қызметтерін атқарады. Ол халықаралық спорт федерациясын басқарған алғашқы қазақстандық ретінде де тарихқа енді.